Қызмет көрсетсең, жапондай бол!

2019-дың басында жолым болып, Гонконг пен Жапионияға арзан билет сатып алдым. Гонконгқа Токио арқылы ұшып, бес күннен кейін Токиоға қайта ораламын да, Токиода бір жеті болмақпын.

Осы постты Токионың Ханеда әуежайында жазып отырған жайым бар. Эдмонтоннан басталған сапарым Ванкуверге, Ванкуверден Токиоға алып келіп, Токиодан Гонконгке беттемек, қайтарда да осы маршрут.

Шығысқа сапарым сәтті болсын деп тілек білдіріп қойдым өзіме, ылайым солай болсын!

Ванкуверден шыққан ұшақ Токио қайдасың деп Тынық мұхиты арқылы батысқа 10 сағат ұшты. Ванкувер Канаданың үлкен қалаларының бірі болса да, әуежайдағы қызметкерлердің көбі, (мүмкін Жапония әуекомпаниясында ғана?) азиаттар екен. Жалпы, Ванкуверде қытай көп, жылжымайтын мүліктің бағасын көтерген де солар дегенді көп естимін канадтардан. Айтып-айтпай не керек, көп азиаттың бірі болып, ұшаққа отырдым аман-есен. Жолым болды ма екен, алдыңғы қатарда алты айлық баласы бар жас келіншек отырды. Тфә-тфә, тіл-көзім тасқа, балақан сондай сүйкімді, мазаң емес екен, тек он сағатқа созылған сапарда тиіп-қашып ұйықтағаны болмаса, жөнді тынықпады. Жапондар қанша жерден сыпайы, мәдениетті болса да біз сияқты танымайтын адамға көмек беруге жоқ па деп ойлап қалдым. Шекарадан аспай, өз орбитасынан шықпай, ол орбитаға анау- мынау адамды енгізбейтін сияқты. Жас келіншекке балаңды ұстап көмектесейін деген адам болмады әйтеуір. Қайда жүрсем де қазақшылығым шығып тұратын жанмын ғой, балақанның мазасы қаша бастағанда шыдамай, баланы алайын деп алып, Токиоға қонғанша жұбымыз жазылмады. Салондағы кісілер мені бэбиситтер не туысы деп ойлапты. Танымаймын дегеніме бәрі қайта-қайта рахмет айтып, стюардессалар маған қайта-қайта шай мен шоколад беріп 🤗🤗🤗

Жапонияда барынша ақша үнемдеу жоспарымда, сол мақсатпен бір ай бұрын JR Pass сатып алынды. Сатып алу деген аты ғана, пасс ақысын төлегенде агент ваучер жібереді, ол ваучерді Жапонияда пасқа ауыстыру керек те пойыздарға резерв істеу керек. Өкініштісі, онлайн резерв істеу де мүмкін емес. JR Pass деген қоғамдық көлікте қолдануға болатын билет, кемшілігі барлық транспортта қолдана алмайсың, шектеуі бар, сондай-ақ тек қана туристтер қолдана алатын билет түрі. Ақыры Токиодамын, келесі рейске дейін бес сағат уақытым бар, құр отырмай, пасты алып, пойыздарға резерв істейін деп шештім. Визам бойынша Жапонияға бір рет қана кіре алатыным естен шыққан (ол визамен Гонконгтан қайтқанда кіріп, бір жеті Жапониямен танысу жоспарланған), пасты алу үшін шекарадан өтуім керек болып, шекара офицеріне келдім. Осы жерде жапондардың қызмет көрсетуіне риза болдым. Офицер менімен жүріңіз деп бір жерге алып келді, ол жердегі қызметкер ана орындыққа отырып әуе компаниясының қызметкерін күтіңіз, телефонмен шақырып қойдым, қазір келеді деп сілтеп жіберді. Шекарашылардан басқа ешкім шешпейтін нәрсе, әуекомпанияның қатысы не деп түсінбеймін. Іштей ұзын-сонар футбол ойнауға дайындалып та қойдым. Жоқ, олай болмады. Қызметкерлер келді де бір форма толтырып, мені шекарадан өткізіп жіберді. Мемқызметкерлерден, әсіресе канадалық, әбден зәрезап болған мен, аузым ашылып қалды. Егер Жапонияға жолыңыз түсіп жатса, мұндай да опция бар екенін біле жүргейсіз.

JR Pass-ты алу үшін Жапон Теміржол компаниясының офисіне өтіп, екі түнгі пойызға резерв істеп шықтым. Өкінішке орай, бұл офисте бір ғана пойызға резерв істейміз, қалған пойыздарға басқа офистен істеу керек екен. Шармыма қарсы шыға алмай ( 😜 ), бір емес, екі пойызға билет ала алдым, басқа билеттерді алуға шармым жетпей қалды 😂 Не түнгі пойыз деп түсінбей отырған боларсыз? Қонақ үйге ақша жұмсамай, түнде жүретін пойызға JR Pass бойынша нобиноби деген стандарт вагонға пасқа артық ақша төлемей алуға болады. Қысқаша айтқанда, біраз ақша үнемдеу жолы.

Сонымен, стюардессалардан бастап, шекарашыларға дейін сондай сыпайы, қарапайым екен жапондар. Стюардессалар тек клиенттермен ғана емес, өзара да бір-бірімен күлісіп, сондай шынайы әрі сүйкімді. Айтпақшы, мен көрген шекарашылардың барлығы жап-жас, мектептен кеше шыққан бойжеткен/бозбала сияқты. Ешқандай кінәлі болмаса да, сондай бәйкүнә түрмен кешірім сұрағанда, ата-баба дәуірінен келе жатқан барлық күнәні кешіріп жібергің келеді. Мұндай қызмет көретушіге наезд жасап, ляззат алмайсың. Бір күні біз де қонақшылығымызды тек қана таныстарымызға көрсетпей, ұрпақ алдында ұялмайтын күн балады.

Үйіңізде фитбол болса

Соңғы уақытта белім жиі мазалайтын болды. Дәрігерге көрінгенімде, бел-омыртқа остеохондрозы деген диагноз қойылды. Мұның барлығы лаптоп алдында отырып алып, қимылдауды азайтып, жаттығу жасауды ұмытқандығымнан.   Оқуды жалғастыру

Қолшатыр ұстайсыз ба?

Тақырыптан белгілі болып тұрғандай, әңгіме қолшатыр жайлы болмақ. Күнделікті өмірде қолшатыр қолданамыз ба? Қолшатырдың пайдасы мен зияны жайлы әңгіме толғап көрсек Оқуды жалғастыру

Х + Y = Z, болымсыздар шешуі

Күнде блогыма бірнәрсе жазбақ болам. Бірақ, жазудан қол шығып қалғанын, әлде ойымды жинақтай алмай қалғаным белгісіз, әйтеуір тырысып-тырысып, ештеңе жазбастан блогты жаба салам. Оқуды жалғастыру

Білім, ілім

Үнді елінде өте даңқты музыкант болған екен. Даңқының жатқа тарағаны соншалық, шәкірті болуға көп жан құлшыныпты. Бір күні сол кісіге дәріс алуға екі кісі келіп, өтініш білдіреді. Бір кісі жарлы екен де, екіншісі бай екен. Оқуды жалғастыру